Ассоциация туралы

Халықаралық «Түркі тілдес мұғалімдер ассоциациясы» өз қызметін 2014 жылы «Мақсат білім» білім беру орталығы ретінде бастады. Алғашқы қадамдарынан-ақ еліміздегі педагогтердің кәсіби қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған маңызды бастамаларды жүзеге асырып, республикалық «Қазақ ұстазы» журналын шығарды. Уақыт өте келе, қызмет ауқымы кеңейіп, ассоциация семинарлар мен тренингтер ұйымдастырумен қатар, халықаралық педагогикалық турлар өткізу деңгейіне жетті.

2021 жылдан бастап, Түркияға ұйымдастырылған педагогикалық сапарлар барысында ассоциация өз стратегиялық жоспарын бекітіп, педагогикалық журналдың атауын «Ұстазым менің – My Teacher» халықаралық ғылыми-педагогикалық сараптамалық журналы ретінде жаңартты.

Ассоциацияның басты мақсаттарының бірі – түркі мәдениеті мен дәстүрін, тілдерін дамыту және оны халықаралық деңгейде насихаттау. Осы бағытта ассоциация @astana_qazaqtili_qogamy және tildes.spain жобаларына қолдау көрсетіп, тілдерді дамытуға қатысты жүйелі жұмыстар атқаруда.

Бүгінде ассоциация педагогтердің кәсіби дамуын қолдауға, әлемдік білім беру тәжірибелерін таратуға және түркі тілдес мұғалімдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асыруда. «Ұстазым менің – My Teacher» журналы арқылы Қазақстан мен шет мемлекеттердегі мұғалімдерді бір ортаға біріктіріп, білім саласындағы үздік тәжірибелермен бөлісуге мүмкіндік жасайды.

Ассоциация халықаралық деңгейде өз қызметін одан әрі дамыту үшін Түркия, Ұлыбритания, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Испания және Португалия сынды елдерде 9 халықаралық конференция мен семинарлар ұйымдастырып, білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде.

Back to top button